ШҚО-да тұрғын үй отқа оранды

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданында екі бірдей  жекеменшік тұрғын үй секторынан өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солнечный кентіндегі үйдің ағаш конструкциялары мен шатыры жанған. Жалпы аумағы   108 шаршы метр жер отқа оранды. Алдын ала болжам бойынша оқыс оқиғаға пешті қолдану кезінде  өрт қауіпсіздігін   сақтамау себеп болған. Осы тектес оқиға Прапорщиков  кентіде қайталанды. Бұл жолы іргесі жаңадан қаланған үйдің төбесі мен  қабырғалары,  дүние мүлкімен қоса жанып  кеткен.  

КӨКШЕТАУДА КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ 

Ал Көкшетауда Васильковский шағын ауданындағы үйлердің бірі отқа оранды.Құтқарушылар 14 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Олардың төртеуі бала. Зардап шеккендер жоқ.   Тілсіз жау  айналасы 15 минутта ауыздықталды.  Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕСІРТКІ ЗАТЫН САҚТАҒАНЫ ҮШІН 12 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Үйінде ірі көлемде есірткі заттарын сақтаған Қызылордалық тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушыға  12 жыл  бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның үйінен, ауласынан және сарайынан жасыл түсті ерекше иісі бар ұнтақталған шөптер табылыпты.  Сараптама қортындысына сәйкес алынған заттың  жалпы салмағы 4 келіден астам «кептірілген марихуана» екені белгілі болды.                   

ТАРАЗДА АЛАЯҚ ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Таразда тұрғындарды сан соқтырған 32 жастағы әйел ұсталды. Ол алаяқтық жолмен 14 миллион теңгеден астам қаржыны олжалаған. Тұрғындарының сеніміне кірген әйел  пәтер кезегін алға жылжытып беруге уәде еткен. Алайда қажетті сомаға қол жеткізген соң  ізін суытып отырған.  Алданып қалғанын түсінген  азаматтар полицияға шағымданыпты.  Күдікті ұсталып уақытша ұстау абақтысына қамалды. Кінәсін толық мойындаған.

ЖҮГЕНСІЗ КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР   

Түркістан облысында жол ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілер қатары артқан. Мәселен соңғы 10 тәулік ішінде  961 автокөлік  анықталып, 148 көлік айып тұраққа қойылған.  Полицейлер сондай-ақ  жалған нөмір тағып 60-тан астам құқық бұзушылығы үшін айыппұл төлемей жүрген жүргізушіні анықтады. Оның мемлекетке қарызы 1 млн 600 мың теңгеден асып кеткен.