Алматыда қатты дауылдан сарбаз қаза тапты

Қатты дауылдың салдарынан қайтыс болған Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Алмас Шахимовтың денесі бүгін ұшақпен туған жері Көкшетау қаласына жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс жағдай Алматы облысындағы әскери полигонның бірінде оқу-жаттығу кезінде болған. Марқұмның жақындарына бөлім тарапынан материалдық және жерлеу рәсіміне қарыжылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қызмет бабында қаза тапқан сарбаз мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын болды.

Қайғылы оқиға кеше кешкі сағат тоғызда болған. Аяқ астынан қатты дауыл соғып, жауынгерлер жатқан шатырды қиратқан. Сынған темірдің сынығы Алмас Шахимовтың басына тиіп, ауыр жарақат алған. Ол дереу Қонаев қалалық ауруханасына жеткізіледі. Дегенмен дәрігерлер оны құтқарып қала алмады. Жетігендегі полигонда сегізінші тамызда басталған әскери жаттығуға 250 сарбаз қатысыпты. Дүлей дауылдан тағы 14 сарбаз жарақат алған. Куәгерлердің айтуынша, Алмас қаруластарын қауіптен құтқарамын деп жүріп жазым болыпты.

Ақылбек Аманов, қатардағы жауынгер:

– Алмас келіп бағыт-бағдар көрсетті үшеумізге. 10 метр алдымызда құм салынған габион болған оқтан қорғайтын, соның ығына үшеумізді қойып, өзі әрі қарай кетіп қалды. Бір 10 минут өткеннен кейін кішкене ашық көріне бастады. Сол кезде мен Алмасты іздеуге шығып кеттім. Бір 10 метр жүргеннен кейін алдымда сарбаздың денесі жатыр. Беті жерге қарап жатыр, бері аударып қарасам, Алмас жатыр екен.

Алмас Шахимов әскер қатарына биыл мамыр айында алыныпты. Достары тек жақсы қырынан еске алады. Марқұмның туыстарына 500 айлық есептік көреткіш көлеміндегі материалдық және 245 мың теңге жерлеу рәсімі үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Әрине бұл қазаның орнын толтырмасы анық. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған марқұм Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын болды. Бұл туралы әскери бөлім басшылығы хабарлады.  

Бекайдар Қазкеев, ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб басшысы:

– Осы жағдайға байланысты қазір қызметтік тексеріс тағайындалды. Оның бәрінің қорытындысын заң жүзінде хабар береміз. Алмас марқұмның қызмет бабында қайтыс болған себебіне Үкімет тарапынан көмектер болады. Өйткені жауынгерлік қызмкет атқару барысында қаза болған. Кешегі күнге сондай дауыл болады, сондай қатты жел болады деген ескерту біз алған жоқпыз.

Көкшетаулық Алмас Шахимов 2003 жылы туған. Марқұмның артында ата-анасы мен екі қарындасы қалды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев