Елордада қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды

«MMK Investment» деген атаумен құрылған қаржы пирамидасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта инвестициялық компания ретінде тіркеліп, салымшылардан ең аз дегенде 50 доллардан жинаған мекеменің әрекеттері тексеріледі. Салымшылар өз шоттарын тек электронды түрде бақылай алды. Ондағы ақшаны ешкім шешіп, жаратқан жоқ.

Айта кетерлігі, қаржы ұйымы заңсыз қызметін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаған. Осы орайда Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға табыс табу мақсатында мұндай компаниялардың көмегіне жүгінбеуді ескертеді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

– «ММК инвестмент» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. ҚПК 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексерудің басқа деректері тергеу мүддесі аясында жария етілмейді. ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.