Қостанай облысында жоғалған қыз жасанды су қоймасына батып кеткен

Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мәдина Ерланқызының денесі судан табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 күннен бері ел тайлы-тұяғы қалмай іздеп, үміт үзбеген еді. Өкінішке қарай, қыз бала өзі тұрған Жамбыл ауылынан 3 шақырым жердегі жасанды су қоймасына батып кеткен. Қазір қайғылы оқиға болған аумақ қоршауға алынып, тергеу жүріп жатыр. Жексенбі күні таңсәріде үйден шығып, жоғалып кеткен Мәдина Ерланқызын іздеу жұмыстарына мың жарымнан астам адам жұмылдырылған еді. Алғашқы күні куәгерлер оны Жамбыл ауылындағы аялдама маңында ойнап жүргенін көрсе, келесі күні таңертең бүлдіршін орталық көшеде жүгіріп жүрген. Одан кейін волонтерлер қыз баланы жүгері алқабынан байқаған. Алайда іздеушілер аумақты түні бойы шарлағанымен нәтиже шықпады. Әуеге ұшақ, тікұшақ, мотодельтоплан да көтерген еді. Бірақ ел қанша үміт еткенімен жағдай қайғылы аяқталды.

Ерлан Омарбеков, облыстық ПД басшысы:

– Бүгін жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасанды су қоймасында Мадина Ерланқызының мәйіті табылды. Біз соңына дейін бала тірі шығар деп үміттенген едік. Бұл үлкен трагедия бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бүкіл Қазақстан халқының атынан, барлық полиция қызметкерлерінің атынан Мадинаның отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қазіргі таңда экспертизалық жұмыстар басталып кетті.