Хаменова ісі бойынша екінші сот отырысы өтті

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиевқа, сондай-ақ осы іске қатысы бар мердігер мекеме басшысы Адамовқа қатысты екінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айыптау актісі оқылғаннан кейін Бақытгүл Хаменова айыптаулармен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ Ақылбек Рысқалиев мердігер мекеме мен облыс әкімінің орынбасары Хаменованың арасында тек делдалдық қызмет атқарғанын айтты. Ал пара берді деген күдікке ілінген «Балқыту» ЖШС-і директоры Өміртай Адамов өз кінәсін мойындады. Сот отырысында Хаменованың адвокаты үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ прокурор бұл өтінішке қарсылық білдірді.

Игорь Вранчев, Б.Хаменованың адвокаты:

- Бұлтартпау шарасына өзгерту енгізіп, Бақытгүл Хаменованы үй қамаққа шығаруды сұраймын. Хаменованың бұлтартпау шарасы өзгерген жағдайда, соттың барлық талаптарын орындауға, белгіленген уақытта сотқа келуге, тұрғылықты мекенжайынан кетпеуге, белгілі бір адамдармен сөйлеспеуге, белгілі бір жерлерге бармауға міндеттеймін.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Сот отырысына келгендер көп болды. Туған-туыстарынан бөлек, қарапайым тұрғындар да бар. Алғашқы сот отырысында Хаменова айыптау актісімен таныспағанын айтып, сот отырысының уақыты бүгінге ауыстырылған еді. Тергеу 8 айға созылған болатын. Бүгін сот отырысы күні бойы өтеді. Сот отырысы ертең де жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 10 желтоқсанында Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасауға «Балқыту» ЖШС-і директоры Өміртай Адамовтан 4 млн 500 мың теңге көлеміндегі пара алған деген күдікке ілінген еді.