Қостанайдың балабақшаларындағы бассыздық

Қостанайлық Дана Мағауина бұғанасын сындырып алған 3 жасар баласына енді өзі бас-көз болып, алаңқайда ойнатып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүлдіршін балабақшада тәрбиешінің кесірінен жарақат алған. Педагог үстел басында жайбарақат ойнап отырған баланың орындығын жұлқи тартып құлатқан. Салдарынан бүлдіршін бұғанасын сындырып алыпты. Шілде айында болған оқиға бейнежазбада анық көрінсе де, полиция бұл дерекке қатысты ешбір іс қозғамапты. Ал баланы жарақаттаған тәрбиеші жұмысынан қуылып, әкімшілік жазаны балабақша директоры арқалаған екен.

Дана Мағауина, зардап шеккен баланың анасы:

- Тәрбиеші бірнеше рет кешірім сұрады. Бірақ баланы не үшін жұлқығанын түсіндіре алмады. Дереу полицияға жүгіндік. Арыз жаздық. Бірақ ешқандай да бір іс қозғалмайтыны туралы жауап келді.

Ал бұл жантүршігерлік оқиға Павлодар қаласындағы №4 балабақшада болыпты. Бейнежазбада көрінгендей тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар бүлдіршінді соққының астына алған. Баласының денесіндегі көгерген іздердің байқаған анасы бірден полицияға арыз жазған. Қазір тәртіп сақшылары баланы ұрып-соғу фактісін тіркеп, тиісті сараптамалар тағайындапты. Бұл оқиғадан кейін тәрбиешінің көмекшісі жұмысынан қуылып, балабақша басшысының міндетін атқарушыға қатаң ескерту берілген екен.

Балаларға қол көтеру деректері жиіліп кеткеніне ата-аналар наразылық тудыруда. Олар балабақшада балаларға жасалған жағдайға көңілдері толмайтындығы да алға тартып, кейбір жекеменшік мекемелердің жосықсыз жұмысына қатысты жауапты ведомствоға шағым түсіруде. Бұл проблеманы шешуде оқу-ағарту министрлігі балабақшаларға лицензия беруді жоспарлап отыр екен.

Гүлзат Көбенова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:

- Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз.

Айта кету керек, лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізілмек. Бұл жүйені енгізу 2024 жылдан басталады деп жоспарланған. Лицензия алу үшін балабақшалар бейнекамералар орнатып, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауы тиіс. Ең бастысы білікті кадрларды да іріктеуі міндеттеледі. Қазір елімізде мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашуға қатысты бірыңғай талаптар жоқ екен.

Авторлары: Риат Шони, Данияр Сұлтан