476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы облысында жыл басынан бері құтқарушылар суға батқан 22 адамды құтқарды

  • 183
  • UPD: 20:19, 14.08.2022

Қуаныш Қайыржанұлы сияқты құтқарушылар күн сайын қайықпен көлге шығып кезекшілік атқарады. Олар негізінен шомылушылардың жағалаудан алыстап кетпеуін қадағалайды. Дыбыс зорайтқышпен терең жаққа жүзіп бармау керектігін айтқанымен ескертуді елемейтіндер жетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың біразы  толқын көтерілгенде кәсіби маманның көмегіне жүгінген.  

Қуаныш Қайыржанұлы, құтқарушы:

- Биылғы жазда шамамен он адамды құтқардым. Олардың әрқайсысын есімде сақтамадым. Ең қиыны екі жас бала мен қыз алысқа жүзіп, судың астында шұңқырға түсіп кетті. Екеуі аяқтары тартылып бата бастады. Біз сол кезде шамамен жиырма метр жерде жүргенбіз. Тез барып құтқарып қалдық.

Құтқарушылар жағажай аумағын күндізгі он бірден бастап, кешкі сегізге дейін бақылайды. Олар жағалауды жаяу шолып ата-анасынан адасып қалған балаларды табуға көмектеседі. Тынығушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, ақпараттық парақшалар таратады.  

Ербол Исабаев, демалушы:

-Жақсы жұмыс істеп жатыр жігіттер. Қазір оншалықты суға кетіп жатқан адам жоқ деп ойлаймын. Айту керек жас балаларға өте қиын. Қолы құрысып аяғы құрысып қалуы мүмкін. Солардың бәрін қадағалау керек.

Эдуард Федоров, демалушы:

- Құтқарушылардың кезекшілік атқарып жүргені жақсы. Демалушыларға қауіпсіздік талаптарын есіне салып отырады.  Олар көбіне ұмытып кетіп жатады.

Сақтық шараларына құтқарушылармен бірге 28/232 әскери бөлім қызметкерлері де жұмылдырылып отыр. Бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде су қоймасында болатын қайғылы жағдай көрсеткіші кеміген. Мәселен былтыр 13 тынығушы суға батып көз жұмса биыл олардың саны төрт адамға азайды.    

Данияр Шыңдәулетов, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

- Шомылу маусымы басталғалы Қапшағай су қоймасында 9 адам суға батты. 9 адамның 80-90 проценті алкогольді мас күйінде болған. Суға батқан жерлері шомылуға тыйым салынған жерлер.

Осы жазда Қапшағайда суға батқан 22 адам құтқарылды. Олар сала мамандарының қырағылығы мен біліктілігінің арқасында бір ажалдан аман қалды.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы