Елордада іздеуде жүрген күдікті ұсталды

Елордалық полицейлер халықаралық деңгейде іздеу жарияланған күдіктіні ұстады. Қызылорда қаласының 31 жастағы тұрғыны 2020-жылдан бері қашып жүрген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тергеушілер оған қылмыстық кодекстің 297, яғни есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бабы бойынша айып тағып отыр. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды.

ӨСКЕМЕНДЕ АҒАШҚА ӨРМЕЛЕГЕН 6 ЖАСАР БАЛАНЫ ҚҰТҚАРУШЫЛАР ТҮСІРІП АЛДЫ

Биікке шыққанымен, кері түсе алмай қалған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар төтенше жағдай қызметіне хабар берген.  Ата-анасының қарауынсыз қалған тағы бір балдырғанды төтеншеліктер көпқабатты үйлердің бірінің балконынан алып шықты. Бала полицейлердің қолына табысталды. Сыртынан кілттеп кеткен ата-анасы жауапкершілікке тартылады.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ТАУҒА ШЫҚҚАН ТУРИСТ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Бурабай құтқарушылары тау басынан 65 жастағы азаматты алып түсті. Елордадан келген турист «Бөлектау» шатқалына көтерілмекші болған. Алайда орта жолға жеткенде жүрегі сыр берген.  Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің жауынгерлері барып, шамамен 300 метр биіктіктен зембілге салып түсірген. Зардап шеккен азамат жедел жәрдем дәрігерлеріне табысталды.