Қарағанды облысында орталықтандырылған газ құбыры жарылды

Теміртау қаласындағы қираған көпқабатты үйдің тұрғындары уақытша басқа жерлерге орналастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейін пәтерлері толық жөнделетін болады. Бұл туралы қала әкімі Қайрат Бегімов мәлімдеді. Еске салсақ, бүгін түскі 12-лер шамасында Металлургтер көшесінде орналасқан бесінші үйде орталықтандырылған газ құбыры жарылып, үшінші және төртінші қабат арасындағы қабырға қираған болатын. Салдарынан үш бірдей пәтер бүлінді. Абырой болғанда тұрғындар дін аман. 53 адам эвакуацияланды, оның 7-уі бала. Ал жарылыс болған үйдің қожайыны ауруханаға жеткізілді. Тағы үш адам жеңіл жарақатпен дәрігердің көмегіне жүгінген. Алғашқы медициналық жәрдем берілген соң үйлеріне босатылды. Жарылыс кезінде өрт болған жоқ. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қираған үй қабырғаларын тазалап жатыр. Жедел штаб құрылды.

Нұрмұхамед Интуев, Теміртау қалалық төтенше жағдайлар қызметі басқармасының басшысы:

– Үшінші қабаттағы пәтерде газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан қатты жарылыс болып, жарылыс толқынынан бөлмеаралық қабырғалар, пәтераралық қабырғалар және плита құлаған. 12 пәтердің есік-терезелері де жартылай қирады.