ШҚО-да түрмеге дронмен зат өткізбекші болған

ШҚО-да белгісіз біреулер дронның көмегімен колонияға тыйым салынған заттар кіргізуге әрекет еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері смартфондары бар ұшу аппаратын және скотчпен оралған түйіншекті сол маңдағы бұзылған ғимарат ішінен тауып алды. Тәртіп бұзушылар сол жерге тығылып, әкелген заттарын мекеме аумағына тастауға дайындалған. Алайда қызметкерлерді байқап қаша жөнелгенде аппаратты алуға да үлгермей қалыпты. Түйіншектің ішінен есірткіге ұқсас зат табылды. Сондай-ақ екі смартфон және басқару пульті бар дрон табылды.

ЕСІРТКІ АЛҚАБЫ ЖОЙЫЛДЫ

Қызылорда облысында ірі есірткі алқабы жойылды. Күдіктілер рұқсат етілмеген өсімдікті Шиелі ауданы Тұрсынбай ауылынан отыз шақырым жерде қалың шеңгел арасына еккен. Жедел-тергеу тобы құрамында есірткісі бар өсімдіктердің 2187 түбіне кезіккен. Алқап басынан 46 мен 51 жас аралығындағы үш адам ұсталды. Айғақ ретінде сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: сорғылау насосын, шатыр мен құбырлар, күрек пен кетпен тәркіледі. Сора өсірген бағбандар тамшылатып суару әдісін қолданған. Үш күдікті де Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 300-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

СЕНГЕН ҚОЙШЫМ СЕН БОЛСАҢ

Жамбыл облысында біреудің малын саудалап, қолды қылған қойшы ұсталды. Меркі ауданының 39 жастағы тұрғыны полицейлерге асыл тұқымды қойларының жоғалғандығын айтып арызданған. Тәртіп сақшылары мен мал иесі бірден 31 жастағы қойшыдан секем алған. Тергеу кезінде ол 47 бас жануарды сатып, қаражатты өз пайдасына жаратқанын мойындады. Шығын көлемі 2 млн 820 мың теңгені құраған. Қазір ҚР ҚК 189 бабы, 2 бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

ІШІМДІКТІ ЗАҢСЫЗ САТҚАН ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Павлодар облысының Ақшиман ауылы тұрғыны заңсыз жолмен ішімдік жасап сатқан. Әйел адамның үйінен 1200 бөтелке түрлі арақ-шарап тәркіленді. Полицейлердің айтуынша күдіктінің сауда жасауға тиісті рұқсат құжаты да болмаған. Тексеру кезінде белгілі маркалы спирттік ішімдіктермен қатар аты басылмаған,  пластикалық бөтелкеге құйылған арақ та табылды. Заң талабын бұзғаны үшін 44 жастағы тұрғынға қатысты ҚР әкімшілік кодексінің бірнеше бабымен іс қозғалды.