Жамбылдағы жарылысқа 1 жыл толды

2021 жылдың 26 тамызы. Сағат 19:00 шамасында Байзақтағы 28\349 әскери бөлімінен өрт шығып, артынша дүмпулер басталды. Ымырт үйірілер тұста жақын орналасқан елді мекен жұрты жаппай көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыстың қатты болғаны сонша 180 ғимарат бүлініп, Қайнар ауылы толықтай қирады.

Алапат жарылыс қазасыз болмады. Жалынмен арпалысқан 17 қызметкер жанын пида етті. Бүгін сол батырларға аудан орталығынан еңселі ескерткіш бой көтерді. Шараға туыстары мен қызметтегі әріптестері қатысты. Десе де отағасыз қалған отбасылар әлі күнге қайғыдан қан жұтып отыр.

Назгүл Рахметова, Ерлан Қырғызәлиевтің жары:

- Артында 4 баласы қалды.  Әкесін сұрайды сол кішкентайы. Келмей жүр ғой қашан келеді деп. Ондай кезде не айтарыңды да білмейсің.

Ажал құшқан азаматтардың жылдығына орай әскери бөлім аумағында да ескерткіш ашылды. Мұндағы тақтаға опат болғандар тізімі толықтай жазылған. Бірақ оған әлі Бауыржан Дәуітбаев енбеген. Әскеридің әкесінің сөзінше, қазір іздеу жұмыстары тоқтап қалған. Мемлекеттен берілетін ақшалай көмекті де алмапты. Себебі Бауыржанның әлі күнге өлі-тірісі белгісіз.

Талғат Дәуітбаев, Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі:

- Менің отбасыма ештеңе берілген жоқ. Бала шағасы менің қолымда, басқа қайда барады. Ешқайда тастамаймын ғой оларды. Енді жоқ қой сүйегі жоқ. Өлді дейік десек сүйегі жоқ. Ешкім өлді міне деп, хотя бы сүйегін көрсетсе, что бы жүрегің орында болатын еді.

Дегенмен әскери бөлім басшылығы қызметкерді іздеу жұмыстары қару жарақ қалдығынан тазарту шараларымен қатар жүріп жатыр, - дейді. Ал, бақилық болған батырдың отбасыларына мемлекет тарапынан 15 млн теңгеден берілді. Мамандар балаларына да алдағы уақытта қамқорлық көрсетпек.

Еркін Әбсадықов, 28\349 әскери бөлімінің командирі:

- От апатын кетіру үшін қаза тапқан жігіттеріміз ғой. Былайша айтқанда батырларымыз. Біздің батырларымыз. Ол өздері ұмытылмайды, өздері түгілі бала шағаларының бәріне көмектесіп тұрамыз. Әскери оқу орындарына түскісі келсе, біз жоғарғы басшылықтарға ходатайствутетеміз. Әскери оқу орындарына түсу үшін.

Бүгінде жарылыстың зардабы жойылды деуге болады. Қайнар ауылы толықтай қайта салынып, жарамсыз мекемелер жаңадан бой көтерді. Әскери бөлім аумағында қару-жарақ қалдықтарын жою жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Маусымда басталған жұмыстар 25 қарашада аяқталады деп жоспарланған.

Авторлары: Мерей Бает Бақытжан Бапаев Руслан Ахатіллә

 

 

Сондай-ақ...