Ақтөбеде алаяқтар жазаға тартылды

Сот процесі қаладағы жабық мекемелердің бірінде өтіп, бірнеше сағатқа созылды. Айыпталушыларға «ұйымдасқан қылмыстық топ», «қаржы пирамидасын» құрды деген айыптар тағылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде, бірнеше қаржылық ұйымның құрылтайшысы деп танылған азамат ең ұзақ жазаға кесілді.  

Сейфулла Тасымбетов, қалалық №2 соттың төрағасы:

- 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін. Сондай-ақ, жазасын өтеген соң қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық ету құқығынан айрылсын.

Сот отырысына айыпталушылардың жақындарынан өзге, зардап шеккен ондаған салымшы да келді. Белгілі болғандай, елдің 13 облысында әрекет еткен қаржы ұйымдарынан 17 мыңнан астам адам сан соғып қалған. Бүгінгі процесс барысында 48 тұлғаға қатысты үкім шықты. Айыпталушылар 7 жылдан 18 жылға дейін жаза арқалады. Алайда, үкіммен келіспеген қорғаушылар да, қарапайым салымшылар да болды.

Жарқын Арынғазина, салымшы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бес миллион жарым ақшалай салғанмын 2020 жылы. Бірақ, ештеңе алған жоқпын әлі.  Қайтарады деп үміттенемін. Неге десеңіз Алматының бәрі үміттеніп отыр. Күтіп отыр соны например. Алматыдан тек қана бір-ақ адам алған. Но пока ешкім әлі алған жоқ.

Қаржы ұйымдарына алданғандарға осы күнге дейін қанша шығын өтелгенін нақты айту қиын. Ал, айыпталушылардың кейбірі ғана кінәларын ішінара мойындады. Енді 31-інші тамыз күні заттар айғақтар мен арыздар бойынша үкімнің тағы бір бөлігі оқылады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев