Түркістан облысында шетелдік автобус жол жиегінен шығып кетті  

Түркістан облысында жол апаты болды. Оқиға бүгін таңғы сағат 07:18 шамасында Түлкібас ауданында тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шақпақ ауылының маңында 601 шақырым жердегі жол қиылысында автобус жүргізушісі қалғып кетіп, рульге ие бола алмай жол шетіндегі ойпаң жерге түсіп кеткен. Тексеру барысында автобустың Өзбекстаннан Қырғызстанға бара жатқаны және ішінде шетелдік азаматтардың бары анықталды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сараптамалар тағайындалды.

Бауыржан Әміров, Түлкібас АПБ жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы:

– 27 тамыз 2022 жылы Түлкібас ауданына қарасты Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының 601 шақырымында автобус көлігімен жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан 10 адам ауруханаға қаралып, адам шығыны жоқ. Құрметті жүргізушілер сіздерді жылдамдықты асырмауға, басып озу қағидаларын және жол белгілерін қатаң сақтауға шақырамыз.