Қаңтар айында ұрланған автомат, граната және басқа да қару-жарақ қоймаға жасырылған

Бұл туралы Алматы полициясының өкілдері хабарлады. Тәртіпсіздік кезінде қолды болған қаруды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаменттерінің, сондай-ақ қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрксіб ауданындағы Гете көшесінде екі қап қару мен оқ-дәрі анықталды. Оның ішінде Калашников автоматы,  бес рет оқталатын «Штурм» шолақ мылтығы, 9 мм калибрлі газ револьвері, екі граната, әртүрлі калибрлі 200-ге жуық патрон бар. Қазір тиісті сараптама тағайындалды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.