Жамбыл облысында әкесін сағынған екі бала ешкімге айтпай пойызбен сапар шеккен

Жамбыл облысында 7 және 9 жасар екі бала үйінен кетіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

29 тамыз күні 22:40 шамасында көлік полициясына 53 жастағы малшы хабарласқан. Ол «Тамды - Талас» өткелінде жүк пойызының вагондарынан екі кішкентай баланы байқап қалғанын жеткізген. 

Хабар түскен соң көлік полицейлері бірден іздеу жұмысына кіріскен. 

Олар 40 минутта Билікөл ауылы маңынан 9 жасар баланы тапты, ал оның 7 жасар бауыры Жұма стансасындағы теміржолдың бойында жатыр екен. 

Балалар Талас ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. 

Кейін анықталғаны - балалар Қаратау қаласында анасымен бірге тұрады. 29 тамыз күні олар Тамды ауылында әжесінің үйінде болған. 

Қараусыз қалған екеуі көрші ауылда тұратын әкесіне бармақ болады. Ата-анасы ажырасып кеткен. Сөйтіп, олар Тамды стансасында жүк пойызының соңғы вагонына мініп үлгірген. 

Жолда пойыз жылдамдығын үдеткенде қорыққан балалар Жұма стансасы маңында вагоннан секіріп кеткен. 

Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлімімен іс қозғалды.