Ертіс өңірінен гуманитарлық көмек жөнелтілді

Ертіс өңірінде де Қостанай облысының халқына көмек көрсету пункті ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодар халқы бір адамдай жұмылып, гуманитарлық көмек жинады. Қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер, партия мүшелері мен жастар көмекке келген. Таңертеңнен бері азық-түлік, электр құралдары, көкөністер мен өзге де қажетті заттар жиналып қалды. Бүгін кешқұрым гуманитарлық көмектің алғашқы легі Тобыл өңіріне жөнелтілді. Осы уақытқа дейін жеті миллион теңгенің көмегі жиналған. Волонтерлер де өз көмегін көрсетуге ниетті. Олар өрттен зардап шеккен ғимараттарды жөндеуге атсалысқысы келеді.

Санира Жүсіпова, облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы:

– Бізге көптеген керек-жарақтар әкеліп жатыр. Ол тағамдар, электрошәйнектер, киім-кешектер, жататын орындар. Бәрі қосылып жатыр. Бір фураны жіберетін боламыз. Осындай жағдайда жастардың патриоттық сезімі бар деп білемін. Өйткені бәрі бір ауыздан қолдап, ерікті ретінде баруға өз лебіздерін білдіріп жатыр.