Қостанай өңіріндегі орман өртінен елді мекендерге қауіп жоқ – ТЖМ

Қостанай өңіріндегі орман өртінен елді мекендерге қауіп жоқ – ТЖМ

Мұны Төтенше жағдай министрлігі хабарлады. Қазір от ошақтары сөндіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде жауынның арқасында ауа ылғалдығы күшейді. Желдің жылдамдығы секіндына 7 метрге дейін жетеді.  Еске салайық, қызыл жалыннан 11 адам жарақат алды. Оның ішінде тілсіз жаумен жанталаса күрескен министрліктің  қызметкері де бар.

Юрий Ильин, ҚР ТЖМ министрі:

- Бастапқыда біздің қызметкерлер шарпыған өрттен зардап шекті. Сондай-ақ тұрғындар мен орман шаруашылығының қызметкерлері де жарақат алды. Бурабайдағыдай өртті дер кезінде анықтайтын түтін детекцияларын еліміздің барлық аймақтарына орнату қажет. Олар дала өртін жылдам анықтап, мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.  Аса қауіпті жерлер болса, қызыл контурмен белгіленіп, жедел басқару орталығының пультіне жолданады. Тиісті министрлік пен жергілікті органға осындай смарт жобаны іске қосу туралы тапсырма берілмек.

Қызыл жалын салдарынан 91 тұрғын үйге зақым келді. Өрт сөндіруге 224 техника, 6 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан екі мыңнан аса адам жұмылдырылды.  Қазір Министрліктің жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Негізінен екі ошақ бар. Бағаналы және Қазанбасы ауылдарының маңайында. Қазір 4 тікұшақ және өрт сөндіру пойызымен жеке құрамның қызметкерлері өздерінің тапсырмаларын алды. Яғни бүкіл күштер мен құралдар осы жерге жұмылдыратын болады. Әуеден бір барлап өттік. шамамен 15-20 гектардай болады. Қазір ол жерде ашық жалын жоқ екен. Тек қана бықсып жатқан өрт ошақтары бар.