8 жасар бала қарындасының ішін шөп шапқыш құрылғымен тіліп жіберген

Солтүстік Қазақстан облысында 8 жастағы бала өзінің қарындасын шөп шабатын құрылғымен абайсызда жарақаттап алды.

Оқиға Есіл ауданының орталығы Явленко елді мекенінде болған. Ата-анасының қарауынсыз қалған бала тримерді өзі қосып, бұталардың арасында отырған 3 жастағы қызды байқамай қалып, ішін тіліп жіберген. Салдарынан бүлдіршіннің бауырына, ішегіне және асқазанына қатты зақым келген. Ауданға облыстық балалар ауруханасынан мамандары 5-6 сағат бойы күрделі операция жасап, бүлдіршінді ажалдан арашалап қалды. Қазір оның жағдайы ауыр. Енді мамандар оны республикалық санавиациямен елордадағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жіберуді жоспарлап отыр. 

Нұрлан Айманов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры

- Түнгі 12-ден бастап, таңғы сағат 6-ға дейін күрделі ота жасады. Ең қиыны, ол асқазанды қайтадан жалғау. Сосын бауырдан қан тоқтату. Және кесілген ішектердің барлығын, жарылған жерлерін орнына келтіріп, барлық ағзаларды орнына салу. Операциядан шығып, бала қазіргі күнде тірі. Енді жағдайы өте ауыр.  

Виктория Фишер, ата-ана:

- Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес беремін. Қалай болғанын өзімізде аңғармай қалдық. Қазір үлкен балама да оңай емес. Қатты уайымдап отыр. Аудандық, облыстық балалар аурухананың дәрігерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз. Енді кішкентай қызымыз тез тәуір болып кетсе дейміз.