Риддерде өртенген үйден екі адам құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өртенген үйден ерлі-зайыптылар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 қыркүйекте түнгі сағат 02:00 шамасында Риддердегі Семей көшесінде өрт шықты. Жеке тұрғын үйдің ауласында «Volkswagen Golf» маркалы автокөлік жанған. 

Қызыл жалын үйге де жайылып кетті. Өрт үй кіреберісінің ағаш құрылымдарын, қабырғалар мен шаруашылық қора-жайдың төбесін шарпыды. 

«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенге дейін үйдің жанынан өтіп бара жаткан Самат Берік пен Алексей Лещенко көмекке ұмтылған. Олар 60 жастағы ерлі-зайыптыларды құтқарды. Көп ұзамай келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы ауданы 35 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады» делінген ақпаратта. 

Отқа қарсы күреске жеке құрамнан 9 адам және 3 техника жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан болуы мүмкін.