Жамбыл облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты

Жамбыл облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тас жолда адам өліміне әкеп соққан жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қыркүйекте Алматы-Ташкент республикалық маңызы бар автожолдың 219-шақырымында жол-көлік оқиғасы болған. 

«Күндіз шамамен 14:30-да «Volkswagen Passat» маркалы автокөліктің 26 жастағы жүргізушісі Қордай ауылы жағынан Әлжан Ана ауылына қарай келе жатқан. Автокөлікте төрт жолаушы болған. Рульді басқара алмай қалған жүргізуші көлікті аударып жіберген, содан кейін автомобиль инерциямен ағашқа соғылған. Жол апаты салдарынан «Volkswagen Passat» көлігінің 26 жастағы жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған» деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі. 

Түрлі жарақат алған тағы бір жолаушы Қордай ауылының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.