Түркістан облысында 35 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

Жалған диплом жарға жығады. Түркістан облысында колледж бен мектептердің 35 мұғалімі жалған құжатпен жұмыс істеп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық прокуратура Білім басқармасының жұмысына тексеру жүргізу барысында бірқатар заңсыздықтың бетін ашты. Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, басқарма тарапынан оқушылар мен студенттерді мемлекеттік тапсырыс бойынша негізсіз қабылдаудың жеті дерегі анықталған. Сондай-ақ колледждердегі кадрлар даярлау ісінде де кемшіліктерге жол берілгені белгілі болды. «Мемлекеттік тапсырысты орындау барысында еңбек нарығына қажетті мамандар дұрыс таңдалмаған», -дейді прокурорлар.

Дулат Әшірбеков, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

- Шетелге шығып кеткен білім алушыларға негізсіз қаржы аудару фактілері, мұғалімдердің жалған диплом пайдалану арқылы жұмысқа орналасқан 35 фактісі анықталды. Бұл фактілер бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу басталды.