loader


Қостанай облысында орман шаруашылығының басшысы ұсталды

Қостанай облысындағы Басаман орман шаруашылығының басшысы уақытша ұстау абақтысына қамалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Прокуратура өкілдері оған қатысты қызметтік міндетін дұрыс орындамау жөнінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кетті. Қыркүйектің басында осы аумақта тұтанған алапат өртпен құтқарушылар апта бойы күрескен еді. 43 мың гектар орман алқабы мен 91 тұрғын үй күлге айналып, 2 мыңдай адам қауіпсіз аумаққа көшірілді. Баспанасыз қалғандар туыстары мен аудан орталығындағы мектептерде ұйымдастырылған эвакуациялық бекетке орналастырылды. Үйсіз-күйсіз жандарға 2 жарым айда жаңа қоныс салынып беріледі. Әзірге оларға гуманитарлық және қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Әулиекөл және Қарасу ауданындағы 100 отбасына бір миллион теңгеден үлестірілді. Қаржы Болат Өтемұратов қоры мен Қызыл жарты ай ұйымының бірлескен «Көмек картасы» жобасы аясында бөлініп отыр. Сондай-ақ демеушілер тарапынан Әулиекөл аудандық аурухана жанынан инсульттік орталық құрылысына 1 миллиард теңге бағытталды.

Сондай-ақ...