Шымкентте полицейге қатысты сот үкімі шықты

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаев өз қызметін асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органында жұмыс істеу құқығынан шеттетілді. Ол өз жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сот отырысында кінәлі тұлға мен оның қорғаушысы өздерін бейнекамераға түсіруге тыйым салды.

Еске салып өтсек, Бұхарбаевтың қол астындағы қызметкері бастығын айыптап, желіге видео үндеу жариялаған болатын. Жәбірленуші өз арызында лауазымды қызметкердің бағалы зат сатып алуға мәжбүрлейтінін жеткізген еді.

Ғани Байарыстан, қалалық әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

– Жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымын атқара жүріп, өзінің қарамағындағы полиция инспекторынан, жәбірленушіден 2 жылға жуық бірнеше рет көптеген тауарлар, заттар мәжбүрлеп алдыра отырып, өзінің қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, елеулі зиян келтірген. Жалпы өзіне алған заттардың құны 3 миллион 194 мың 305 теңге.