ШҚО-да жол жасауға битум жоқ

Өскемен тұрғындарының болжамы осындай. Оған негіз де бар. Мына жолды мердігер компания ала жаздай жөндеп, әлі аяқтай алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыс болса қыр астында. Құрылыс материалдары әр жерде шашылып жатыр.  

Шынымен де жұмыстың нағыз қызатын дер шағында құрылыс компаниялары битумсыз қалған. Барлық техника қаңтарылып тұр.

Данил Мещанинов, №11 жол құрылысы басқармасының бас инженері:

- Қазір жағдай өте күрделі. Битум тапшы. Арасында аздап әкеледі. Бірден асфальтқа қосамыз. Бізге шамамен 400 тонна битум керек.

Ал аймақтық деңгейдегі сұраныс тіптен жоғары. Жол салатын компанияларға 3,5 мың тонна битум қажет. Тығырақтан шығу үшін қазір мердігерлер қолда барын бір-бірімен бөлісіп жатыр. Бірақ бағасы аспандап тұр. Әр тоннасы 300 мың теңге. Бұл өнімнің зауыттағы құнынан үш есеге жоғары. Салдарынан жол сапасы құлдырауы мүмкін деп алаңдайды жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары.

Айдос Қабылбаев, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының инженері:

- Қиыншылықтар болды битуммен. Бұл әрине жұмыс кестесіне әсер етуі мүмкін. Қысқа дейін осы барлық жоспарланған жұмысты бітіреді деп ойлаймыз.

Жергілікті билік өкілдері битумның тапшылығын Павлодардағы мұнай өңдеу зауытының уақытша жабылуымен байланыстырады. Себебі Өскемен өңіріне қажетті өнімнің басым бөлігі дәл осы кәсіпорыннан жеткізіледі. Тиісінше сұраныс артқан соң битумның бағасы да шарықтап кетіпті. Бірден үш есеге артқан.

Нұрбек Тұраров, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- 110 мыңнан 170 мыңға дейін сметада көрсетілген бағасы болса битумның тоннасы, қазіргі таңда 250 мыңнан битум таба алмай жүрген мердігерлер бар. Кейбір ақпараттарға сәйкес, мердігер компанияларға 300 мыңнан сатып алуға ұсыныстар түсіп жатыр деген хабар бар.

Энергетика министрлігі бағаны төмендету үшін Ресей мен Белорусь елінен 110 мың тонна битум жеткізбекші. Бірақ әзірге бұл жоспар ғана. Әлі нақты қадамдар жасалған жоқ. Ал ел билігі жылдағы сұранысқа орай, Ақтөбеде 5-ші битум зауытын салмақшы.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Вячеслав Ветлугин