Көкшетаудан өрт шықты

Бүгін таңертең Көкшетаудан өрт шықты. Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, Бурабай ұлттық паркі аумағындағы таудың шамамен 800 метр биіктігінде шөп өрттенген, деп хабарлайды «Хабар 24».

От 300 шаршы метр шамасында аумақты шарпыған. Жалынды сөндіруге Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің 160-қа жуық қызметкері мен ұлттық парктің 70-тен астам адамы жұмылды. Сондай-ақ оқиға орнына Қазавиақұтқару тікұшағы жіберіліп, әуеден 36 тоннадай су құйылды. Таудағы орман өртін сөндіру оңай емес екенін айта кеткен жөн. Мұнда тасты топырақ болғандықтан жер қазу және топырақ өңдеу техникасын қолдануға келмейді. Автоцистерна мен өрт сөндіру мотопомпаларын пайдалану да мүмкін емес. Өртті сөндіру жұмысы жалғасып жатыр.