БҚО-ға 16 мыңнан астам ресейлік келді

Бұл – балалар туризмі және экология орталығының базасы. Мұнда қазір 200-ге жуық ресейлік азамат орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жатын орын үшін әр тәулікке ақы төлеп отырады. Орталық әкімшілігі өткен демалыс күндерінен бастап балаларға қосымша білім беруді тоқтатқан.

Антон, РФ азаматы:

- Жергілікті тұрғындар біздің осы орталыққа жайғасуымызға көмектесті. Транспортпен де қамтыды. Жатын орын таппай қиналған едік.

Аян Махбуов, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Екі корпус 100 орыннан – 200 орындық. Одан асып келіп жатса, бізде орын жоқ, сондықтан қабылдай алмаймыз. Жас мөлшері сол 18-20 шамасынан 35 дейін көбі. Қазіргі уақытта біздер қабылдамаймыз оқушыларды. Олар мектепте сабақ жүргізеді. Солай ескертіп айтармыз оларға.

Көрші елден келген жолаушылардың біразы әлі баспана таппай сенделіп жүр. Біразы теміржол вокзалында түнеуге мәжбүр. Еріктілер оларға ыстық тамақ, сусын, жамылғы және сим-карта ұсынып жатыр. Кинотеатр әкімшілігі кино залында ресейлік азаматтардың түнеуіне рұқсат берді. Ал кейбірін қазақ отбасылары үйіне паналатып жатыр.

Михаил, РФ азаматы:

- Біз сенбіден жексенбіге ауған түні келген едік. Жергілікті қазақ отбасы бізді үйіне паналатты. Шынымды айтсам, таңғалдым және қуандым. Қазақстандықтарға рахмет айтамын.

Қазақстандық банктерден есепшот ашу үшін ресейліктер ЖСН алуға ағылып жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Арман Мальтиев, қалалық №2 ХҚКО басшысы:

- Біздер қазір барлық Ресей Федерациясының азаматтарын бірінші отдельге жіберіп жатырмыз. Өйткені скопление көп. Кеше, оның арғы күні қабылдадық. 

Облыс әкімдігі соңғы бес тәулікте шекарадан 16 мыңнан астам ресейлік азамат кіргенін хабарлады. Ал полиция департаментінің мәліметінше, соның әзірге 400-ге жуығы ғана көші-қон қызметіне жүгінген.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов