Елімізде синтетикалық есірткі саудасы белең алып барады

Мәселен, өткен жылы заңсыз айналымнан 14 келі есірткі тәркіленсе, биыл оның көлемі 105 келіге дейін жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның қара нарықтағы құны 2 миллиард теңгені құраған. Қылмыстың бұл түрі көбінесе интернет арқылы жүзеге асырылған. Мамандар 1700-ден астам наркосайтты бұғаттап, 33 зертхананы анықтаған. Алайда бұл шаралар тиісті деңгейде нәтиже бермей тұр. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов оны үйлестіру жұмыстарының төмендігімен байланыстырады. Оның айтуынша, нақты осы салаға қатысты жауапкершілік бөлініп кеткен. Қазір есірткіге қарсы күрес бағытында министрлік тарапынан кешенді жоспар әзірленуде. 

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

– Министрлік кешенді жоспар әзірлеуге кірісті. Атап айтқанда, есірткіге қарсы уәкілетті орган ретінде ішкі істер министрлігінің үйлестіру құзыреті күшейтіледі. Жаңадан шығып жатқан синтетика жедел түрде есірткі тобына қосылады. Медициналық есепке алуды жетілдіру шаралары қабылдау жоспарлануда.