Жамбыл облысы Өрнек ауылындағы әкімдік ғимараты құлайын деп тұр

2 қабатты ғимарат қырық жылдан бері жөндеу көрмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қабырғалары мүжіліп, терезе жақтаулары сынған. Бірінші қабаты мүлдем жарамсыз. Мәжіліс залы көмірханаға айналған. Ғимаратта әкімшілік қызметкерлерінен бөлек кітапхана мен ауылдық инспекторлар жұмыс істейді.  Олар 2018 жылға дейін нысанды айына 150 мың теңге төлеп,  жалға алған. Кейін Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі сатып алыпты. Тозған ғимаратты неге сатып алғаны белгісіз.  Енді ғимаратты жөндеуге қомақты қаражат қажет. Былтыр ауыл әкімі жөндеу жұмыстарына 64 млн теңге сұраған.  Бірақ аудан мен облыс басшыларынан   жауап болмаған. Қазір округ әкімі демеуші іздеп жүр.

Айбек Әбішев, Өрнек ауылының әкімі:

- Қазіргі уақытта енді өзімнің тарапымнан қаржы бөлінгенше демеуші іздеп жатырмын. Ауылдың кәсіпкерлерімен сөйлесіп, тым болмағанда есік-терезесін, төбесін ауыстырып алсам ба деп жатырмыз. Енді мамандарыма да жағдай жасауым керек жұмыс істеулеріне.