Жамбыл облысында жолаушылар пойызы отқа оранды

Бүгін, яғни 8 қазанда Қызылорда – Семей бағытындағы жолаушылар поезынан өрт шықты.

«8 қазанда сағат 02.45-те көлік полициясына Жамбыл облысындағы «Бурный – Сұрым» өткелінде Қызылорда – Семей бағытындағы жолаушылар поезының электрқондырғы бөлмесінде өрт болғаны жөнінде хабарлама түсті.

Оқиға орнына көлік полициясының жедел-тергеу тобы келіп, дереу өртенген вагонның екі жағын ағытып, 34 жолаушыны қауіпсіз вагондарға шығарды. Поезд бригадасымен бірлесіп, көлік полициясы патрульдік нарядының қызметкерлері Шамиль Керімбаев пен Ержан Майсупов жоғары кәсіби шеберлік көрсетіп, адам өміріне араша түсті.

Бірлескен іс-шараның нәтижесінде жолаушылар зардап шеккен жоқ. Аталған факті бойынша тергеу басталды.