ШҚО-да өрттен келген шығын бір миллиард теңгеден асты

Қыркүйектегі алапат өрттен келген шығын 1 миллиард теңгеден асты. Шығыс Қазақстан облысындағы орман инспекциясы осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, ол кезде өлкеде бес бірдей өрт ошағы тіркелген болатын. Құтқарушылар мен орманшылар Қатонқарағай, Күршім, Алтай, Зайсан, Глубокое аудандарында тілсіз жаумен алысты. Екпінді жел мен құрғақ әрі ыстық күн райы жағдайды қатты ушықтырып жіберді. Мамандардың айтуынша, жан-жақтан лаулаған өрт салдарынан 11 мың гектардан астам орманды-далалы алқап жанып кетті. Оның үстіне ауыл шаруашылығы техникаларын қауіпсіздік талаптарына сай пайдаланбау да жалынның тұтануына себепші болған.

Қайрат Мейрембеков, ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

– Бір миллиард ішіндегі нақты өрт өшіруге арналған шығындар 31 миллион теңгеден асады.Осындай шығынды есептей отырып, келешекте осыны келтірмейтін, болдырмайтын шаралар қабылдау туралы ұсыныстар орман шаруашылығына берілді.