Мәдина Шерниязованың денесі 3 қарашада Алматыға жеткізіледі

Оңтүстік Кореяда Хэллоуин мерекесі кезінде қаза тапқан қазақстандық Мәдина Шерниязованың денесі 3 қарашада Алматыға жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы еліміздің Сеулдегі елшілігіндегілер хабарлады. Қазақстандық дипломаттар Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қажетті құжаттарды рәсімдеу процедурасын жеделдетті. Әдетте бұл рәсімге кемінде 10 күн уақыт қажет. Табытты сақтауға, тасымалдауға кеткен барлық шығынды Корея үкіметі өтейді. Туыстарының өтініші бойынша Мәдинаның жеке заттары да Қазақстанға жөнелтіледі. Қайтыс болған азаматымыздың  достары оның отбасына көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Кореяда тұратын қазақстандықтар 11 миллион воннан астам қаражат жинап берді. Бұл шамамен 8 мың доллар. Қаржы жерлеуді ұйымдастыруға жұмсалады. Сеулдегі қайғылы оқиға 29 қазанда Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде болған еді. Соңғы мәліметтер бойынша 156 адам қаза тапты, оның 26-сы шетелдік.

Аслан Асқар, ҚР Корея республикасындағы елшілігінің кеңесші-консулы:

- Жалпы айтқанда рәсімдер өте тез өтіп жатыр. Корей тарапымен келісім бойынша солардың көмектері арқылы барлық процесстер тез өткенін айтып кетуге болады.