БҚО-да елді мекендер жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан бөлек енді кейбір ауылдар да жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Атап айтқанда, Теректі, Бөрлі, Сырым аудандарында 3 мыңнан астам абонент келеңсіздікке тап болып отыр. Әбден тозып тұрған электр сымдары алғашқы қарға шыдас бермей, әр жерден үзіліп жатыр. Желілерді жөндеуге коммуналдық кәсіпорыннан 28 апаттық бригада жұмылдырылған. Мамандар кешке дейін ауылдық жерлердің жарықпен қамтылатынын айтты. Өңірде 20 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Соның 82% тозған. Сала басшысы электр жабдықтарын жаңғырту жұмыстары облыстың алдағы екі жылға арналған даму жоспары аясында жүргізілетінін мәлімдеді.

Миржан Нұртазиев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Бұған дейін электр желілеріне қаражат бөлінген жоқ. Оған бөлетіндей Үкімет тарапынан ешқандай заңнамада көрсетілмеген болатын. Былтырдан бастап облыстық коммуналдық меншікке берілді. Екі мыңнан астам электр желілерін және құрылғыларды ауыстыру бойынша жоспарға енгізген болатынбыз. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар басқарма тарапынан дайындалып жатыр.