Адам саудасы: елде 4 ай ішінде үш қылмыстық топ құрықталды

4 айдың ішінде адамды зат тәрізді сатқан 3 қылмыстық топ анықталды. 30-ға жуық факті тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық ұйымдар мен елдегі жауапты мекеме өкілдері нақты іс-әрекетке көшу қажет екенін айтады. Ішкі істер министрі жаңа заң қабылдау керек деп отыр. Жалпы бізде бұл қылмысқа қарсы әрекет 10 заңмен, мемлекеттік органдардың бұйрықтарымен реттеледі. Бірақ әлгі құжаттарда бірізділік жоқ.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

– Бүгін үш ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтадық. Соның ішінде 11 адам қамауға алынды. 27 жәбірленуші бар. Оның ішінде 6-уы кәмелетке толмағандар. Адамдар шағымданып жатса, мемлекеттік органдарға оның да процессуалдық статусын ертең жәберленуші болу мүмкін деп. Соған мемлекеттен заңды түрде көрсетілген көмекті көрсету соны жәбірленуші болмаудан алып қалу мәселелерін шешеді деп үміттенеміз.

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 проценті – әйелдер мен жас қыздар. Құрбан болатындардың әрбір үшіншісі – балалар. Уәкілетті органдар адам саудасы елдегі мегаполистерде көп кездеседі деген мәлімет берді. Еркінен тыс тән саудасына жегілетіндер де көп. Шешімін таппаған тағы бір мәселе бар. Мамандар адам саудасы мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандарға осы уақытқа дейін өтемақы мүлде төленбеген дейді. Заң бойынша олар 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы алуға құқылы. Бірақ заңның шикілігінен ала алмаған. Енді олқылықтар жаңа заң жобасы аясында реттелмек.