Ленин шахтасында метан газы таралып қана қоймай, қатты жарылыс болған – Юрий Ильин

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ленин шахтасында жарылыс болып, өрт шыққан. Бұл туралы жаңа ғана өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан комиссия мүшелері оқиға орнына бара алмай отыр. Ведомства басшысының айтуынша, метан газының концентрациясы 5% жеткен. Жұмыскерлер жарылыс ошағынан шамамен 1 шақырым жерде болған. Шахтадағы қазіргі жағдай туралы Төтенше жағдайлар министрін жазып алған едік, тыңдап көрейік.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Әуелі жарылыс болып, сосын өрт шыққан. Қазір қызыл жалын түгел сөндірілді. Дегенмен әлі бықсып жатқан тұстары бар. Сондықтан мамандар жер астын желдетіп жатыр. Барлығы сөнген кезде ғана комиссия мүшелері шахтаға түсіп, апаттың себебін анықтайды.

Брифингте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қара жамылған отбасыларының барлығына ұжымдық келісімшарт аясында көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Еске салсақ, бүгін сағат түнгі үштер шамасында Ленин шахтасында апат болып, 5 адам мерт болған еді. Ал 4 адам ауруханада жатыр. Екеуінің жағдайы ауыр, бірер сағат бұрын операция жасалды. Қалған екеуі палатаға шығарылған, денсаулығы бірқалыпты.