Елден бензинді заңсыз шығармақ болған күдікті ұсталды

Бензиннің ірі көлемдегі партиясын Қазақстаннан заңсыз шығармақ болған. Сот үкімімен Павлодарлық кәсіпкер 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол АИ-95 маркалы бензиннің 100 мың тоннасын шекарадан заңсыз асыруға тырысқан. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметі бойынша кәсіпкер кінәсін мойындаған. Құны 54 млн теңге болатын бензин құйылған цистерналар тәркіленді. Сонымен бірге бұған дейін сатылған бензиннің 94 млн теңгесі өндірілді.

Әлібек Әбділов ҚР Қаржылық мониторингі жөніндегі агенттіктің ресми өкілі:

– Сондай-ақ 89 млн теңге тұратын көлемі 280 тонна АИ 95 маркалы бензині бар 5 вагон цистерна Өзбекстанға экспорттамақ болған кезде сол компания ұсталды. Жалпы аталған компания Өзбекстан мен Тәжікстанға 90 млн АҚШ доллары көлемінде 100 мың тоннадан астам жанар-жағармай экспорттауды көздеген.