Алматы тұрғыны «банк қызметкері» болып хабарласқан адамға 80 мың доллар аударған

Алматы тұрғыны қаскөйлердің құрығына түсіп, 80 мыңдай АҚШ долларын интернет-алаяқтарға аударып жіберген.

55 жастағы әйел бір аптадай қылмыскерлердің талаптарын орындап келген. Күдіктілердің 21 қазанда ұялы телефон арқылы жәбірленушіге қоңырау шалғаны анықталды. Олардың бірі өзін банк қызметкерімін, екіншісі полицеймін деп таныстырған. Екеуі де оның шотына белгісіз біреулер шабуыл жасағанын айтып, ақшаны “қауіпсіз шотқа” салу үшін “банк маманына” тапсыруды ұсынған. Осыдан соң жәбірленуші әйел бейтаныс адамға 74 мыңнан астам АҚШ доллары мен 1,3 млн теңге берген. Алаяқтар мұнымен шектелмей келесі күні тағы хабарласып, 2 млн теңге несие алуға көндірген. Алайда арада 10 күн өткеннен кейін барып жәбірленуші өзінің алданғанын түсініп, полицияға арыз түсірді. Артынша тергеу тобы құрылып үш адам ұсталды. Күдіктілердің жалға алған кеңсесінде 20 ұялы телефон номері және әртүрлі екінші деңгейлі банктерде ашылған 52 банк картасы табылып, тәркіленді. Ұсталғандар қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен, криптовалютаға айырбастаумен айналысатындарын мойындады.