Түркістан облысында ойынхана кассасынан 1 млн теңге ақша ұрланды

Түлкібас аудандық полиция бөліміне ойынхана қызметкері ақша жоғалғаны туралы арыз түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда таңғы уақытта белгісіз біреудің, кассадағы 1 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырып кеткені айтылған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларының бәрін мұқият қарап шыққан. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы мен тұрғылықты мекен-жайы анықталды. Ол осы ойынхананың тұрақты келушісі болған. Сол күні де ойынханада болған. Таңғы сағат 06:30 шамасында кассада отыратын қыздардың ұйық-тағанын пайдаланып, ірі көлемдегі қаражатты жымқырып кеткен. Оңай жолмен келген ақшаны ол өз қажеттілігіне жұмсап үлгеріпті.

Азамат Сапаров, Түлкібас АПБ-нің аға тергеушісі:

- Жедел уәкілдер мен жергілікті полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру нәтижесінде Р есімді азамат ұсталып, күдікті ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде.