Қарағанды облысында қариялардың зейнетақысын ұрлаған қарттар үйінің директоры жазаға тартылды

Қариялардың зейнетақысын ұрлаған қарттар үйінің директоры Нариман Сыздықан жазаға тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды облысының Абай қаласында орналасқан мекеме басшысы заңсыз әрекеттері үшін 2 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл қылмыс көктемде өткен арнайы рейд кезінде белгілі болды. Қарттар үйінде 30 мүгедек пен 60 зейнеткер бар. Директорға орталықтың әлеуметтік қызметкерлері және Қазпошта бөлімшесінің өкілі көмектескен. Олар қарияларды алдап, ақшасын жымқырған. Бұл азаматтар да жазаға тартылды. Олардың бас бостандығы 3 жарым жылға шектеледі.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Айыппұлдан басқа директорға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тыйым салынды. Сондай-ақ коммуналдық шаруашылық мекемесінің екі әлеуметтік жұмысшысы және пошта қызметкеріне өз қызметін теріс падаланып, өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін үкім шығарылды. Олар кінәлі болып танылды. 3 жарым жыл шектеу мен пробациялық жұмыстар жасайды.