Жетісу облысында қар құрсауында қалған 19 жолаушы құтқарылды

Жетісу облысында боранды күні жолға шығып, қар құрсауында қалған 19 жолаушы құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар департаментіне «Сарыөзек-Көктал» тас жолының 40-шақырымында бірнеше автокөліктің қарға батып қалғандығы туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар Алтынемел асуындағы қарлы бұрқасынға тап болып, көмек сұраған адамдарға «Трэкол» арнайы техникасымен жетіп, 12 автокөлікті сүйреп шығарды. Нәтижесінде 19 жолаушы қауіпсіз жерге көшірілді. 4 адам жылыту пунктіне жеткізілген. Төтеншеліктер тұрғындарға боранды күні алыс жолға шықпау керектігін және «112» қызметінің хабарламасына құлақ асу қажет екенін ескертеді.

- Шонжы ауылынан шыққанбыз жылқы тиеп. Артымызда коневоз болды. Алтынемел асуынан аса алмай, ТЖМ-ге хабарласып, Кербұлақ ауданының ТЖМ жігіттері келіп, көмектесіп, машинамызды шығарысып, жолға шығарып салды, тегіс жолға. Рахмет айтамын! Жолаушыларға жолға шықпауларын сұраймын. Осы қызметкерлердің айтқандарын тыңдап, өз өмірлеріңізді сақтаңыздар!