Қарағандыда адам ұрлап, ақша бопсалаған топ ұсталды

Қарағандылық тәртіп сақшылары адам ұрлап, ақша бопсалаған қылмыстық топты құрықтады.

Өзбекстанның 4 бірдей азаматы 27 жастағы Үндістан азаматын күштеп автокөлікке отырғызып, Астана қаласына апарған. Жалдамалы пәтерде қамап ұстап, күш көрсетіп, бостандығы үшін 200 мың АҚШ долларын талап еткен. Абырой болғанда жәбірленуші күдіктілердің ұйықтаған сәтін пайдаланып, қашып шыққан. Сөйтіп, полицияға хабар берді.  

Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қарағанды облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген арнайы жедел іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласындағы жалдамалы пәтердің бірі анықталып, ол жерден адам ұрлау және бопсалау фактілеріне қатысы бар деген күдікпен 26 мен 34 жас аралығындағы Өзбекстанның 4 азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.