Екібастұзда апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

Екібастұзда жылумен қамтамасыз ету жүйесінің қай жерінен ақау шыққанын тез арада анықтайтын заманауи қондырғы қолданылды.

Қалада коммуналдық апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. 3 әлеуметтік нысан мен 17 көпқабатты тұрғын үй әлі жылусыз отыр. Құбырдағы ақауды жөндеу жұмыстарына 15 бригада жұмылдырылған.

«Жылу мен ауыз су жүйесінің бірге тартылуы біздің жұмысымызды біршама қиындата түсті», - дейді мамандар.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:

- 30 градус аязда ұзындығы 2,5 шақырымдық магистралды жылу құбырынан ақау тауып, оны жөндеу өте қиын. Сол себепті Астанадан заманауи құрылғы әкелуге тура келді. Соның көмегімен апат болған жерлерді анықтап, қазу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қаланың жылу жүйесі штаттық режимге көшкенше ешкім ешқайда кетпейді. Бәріміз осында жұмыс істейміз.