Қар құрсауынан 45 адам құтқарылды

Өткен тәулікте қалың қар құрсауынан 45 адам құтқарылды.

Үскірік аяз бен ақ түтек боранға қарамастан жолға шығып кеткендер көп. Осылайша Шығыс Қазақстандағы "Омбы-Майқапшағай" тас жолында ондаған жүк көлігі тұрып қалған. Жүргізушілердің біріне дәрігерлер көмектесті. Беларусь азаматы қолын үсіріп алған. Қостанай облысындағы Қамысты ауданында да 2 көлік қар құрсауынан шығарылды. Осы күні Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында 6 адам құтқарылды. Ал кеше Қарағанды облысындағы "Қызылорда-Павлодар" тас жолында құтқарушылар жеңіл көлік ішінде қалған екі адамға көмек көрсеткен. Шет ауданында орналасқан "Алматы-Екатеринбург" тас жолында автобус тұрып қалды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері 19 адамды жақын маңдағы ауылға жеткізді. Маман жолаушылар мен жүргізушілерге Darmen қосымшасын жүктеп алуға кеңес береді. Онда жабылған жолдар жайлы толыққанды ақпарат жазылған. Ал төтенше жағдайға тап болсаңыз 112 номеріне хабарлау керек.