Екібастұзда жағдай әлі де қиын

Коммуналдық апат салдары толық жойылған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал аяз күннен күнге күшейіп барады. Жылу құбырларынан әлі де ақаулар шығып жатыр. Бүгін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бригадаларға қосымша көмек келген.

Екібастұздағы жағдай тұрақталатын түрі жоқ. Жылу жүйесінің бір жағы жөнделсе екінші жерінен ақау шығып жатыр. Жергілікті жұрттың берекесі қашқалы бірнеше күн болды. Қазір 42 көпқабатты және 72 жеке тұрғын үйде жылу жоқ.

Людмила Бобкова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Бұл қалада тұрып жатқаныма 25 жыл болды. Мұндай сұмдық жағдай бірінші рет болып тұр. Ары кетсе 2-3 сағатқа ғана өшетін. Ол кезде жылы киім киіп амалдайтынбыз. Қазіргі жағдай қиын.

Мамандар жылумен қамтамасыз ету жүйелеріндегі ақауды меншік иелері бірлестігі жұмысшыларының тиянақсыздығынан көріп отыр. Қалыпқа келтіру, құтқару жұмыстарына 256 адам мен 43 техника жұмылдырылған. Тағы қосымша 25 бригада көмекке тартылды. Қиын жағдайға тап болған тұрғындарға волонтерлер көмектесіп жатыр.

Руслан Көпешов, волонтер:

- Мен көмір өндіру орнында жұмыс істеймін. Ауысымды тапсырғаннан кейін осында келіп жәрдем беріп жатырмын. Мұнда Таңертеңнен бері  жүрміз. Жұмысшыларға ыстық шәй, бауырсақ тасып қол ұшын беріп жатырмыз.

Қазір шаһар мектептері қашықтан оқыту режимінде жұмыс істеп жатыр. Балабақшалардың жұмысы тоқтатылған. Ал емдеу мекемелерінде жылу бар. Қалалық ауруханада қазір 241 науқас жатыр. Перзентханада 53 адам бар. Оның 22-сі бала. Тұрғындар үшін 12 жылыту бекеті  ұйымдастырылған.