Қостанай облысында орталық қазандықтағы ақаудың кесірінен жұртшылық жапа шегіп отыр

Балаларымыз тоңып, ауырып жатыр. Бұл Қостанай облысы Боровской ауылы жұртшылығының жанайқайы. Орталық қазандыққа қосылған көпқабатты үйдің тұрғындары жаурап, қайтіп жылынарын білмей әлек.

Бұған жылыту нысанындағы ақау себеп. Қазір қазандық жөнделгенмен жылу үйлерге толық жетпей жатыр. Мән-жайды тілшіміз Данияр Сұлтанұлынан білейік.

«741-3171» Боровской ауылында ұзын саны жеті қазандық бар. Мынау тұрған орталық жылумен қамту нысаны. Бұл жерден 12 көпқабатты үй және 8 әлеуметтік нысан жылытылады. Жағдайы мәз емес. 90 процентінің тозығы жеткен. Оны қалпына келтіруге шамамен жарты миллиард теңге қажет.

Есесіне өткен аптада екі қазандық бірінен соң бірі істен шықты. Жылумен қамтушы мекеме апатты үш күн бойы өз күшімен жойды. Бірақ жөндеу кезінде көпқабатты үйлер жылусыз қалды. Содан бері пәтерлердегі ауа температурасы бірқалпына келер емес.

Анатолий Каплун, «Боровское 2016» МКК директорының міндетін атқарушы:

- Қазір үш қазандық толық жұмыс істеп тұр. Температураны күнделікті үдетіп, тәулігіне 3-4 градус қосып жатырмыз. 

Атыхамжан Ұлходжаев қыс бойы үйінде қат-қабат қамтанып киініп жүруді әдетке айналдырған. Ал бүрсең қаққан кішкентай балалар бір бөлмеге тығылып, тоқ жылытқыштың жанынан кетпейді. Оның да бүкіл пәтерді жылытуға қуаты жетпейді.

Атыхамжан Ұлходжаев, Боровской ауылының тұрғыны:

- Осы жылы қыркүйекте алғам. Бір айға жетпей жанып кетті. Екіншісін алдым. Түнде Құдай сақтасын жанып кетсе, не болады мына жер? Бүкіл үйден айырылып қаламыз ғой жылы іздейміз деп. Менің тапқан айлығым. Өзім 120 мың табамын. Емделуі 30-40 мыңға шығып кетеді мына ауырып жатқан балаларға.

Боровской ауылының тұрғындары бірнеше жыл бойы пәтерлерінде тоңып келеді. Себебі орталық қазандықтан келетін жылу мардымсыз. Бұны ескерген кейбіреулер баспаналарын бұрынғы пешпен жылытуға мәжбүр.

Александр Матвеев, Боровской ауылының тұрғыны:

- Егер мен қыс бойы пешті пайдалансам, неліктен жылу ақысын төлеуім керек? Жылда осы жағдай қайталанады. Бір жағынан пешті бұзып тастамағаным жақсы болды. Әйтпесе тоңып қалар едік.

Светлана Овчинникова, Боровской ауылының тұрғыны:

- Былтыр осы мәселе бойынша белсенді топ құрып облыс әкіміне шағым жолдадық. Оған 96 пәтердің иесі мүше. Алайда аудандық әкімдік біздің бастамамызды қолдаған жоқ.

Күрмеуі қиын мәселенің қашан шешілері белгісіз. Бір анығы, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қазандықты орнатқан мердігермен соттаспақ. Себебі жылу қондырғысына қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі бес жыл. Ал мердігер ақауды ретке келтіруден бас тартқан.

Николай Гулаков, Меңдіқара ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Сот мердігердің кінәсін тапса, оны қара тізімге енгізіп материалдық шығынды талап етуге құқымыз бар. Бізге тиімсіз болса да, тұрғындарға қайта есептеу жасалады. Қайткенмен біздің шығынды заң бойынша мердігер өтеуі тиіс.

Қазандық тұтынатын көмірдің де сапасы төмен. Бұл фактор да  үйлердегі салқындыққа себеп. Ауылдағы үйлердің 60 проценті пешпен жылытылса, қалғаны қазандыққа тәуелді.  

Николай Гулаков, Меңдіқара ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Біз Богатырь сұрыптағы көмірді пайдаланымыз. Тоннасы 14 мың теңге. Жөнді жылу бермейтіні жасырын емес. Амал жоқ. Бұл бәскелестікті қорғау комитеті бекіткен тарифте осылай көрсетілген. Келер жылы қымбат, әрі калориясы көп Шұбаркөл көміріне көшуді қарастырамыз.

Жалпы облыс бойынша жылумен қамту мекемелеріне айтылар сын көп. Күні кеше Рудный қаласында магистральді су құбыры жарылып, 33 көпқабатты үй жылусыз қалған. Ал өткен аптада Арқалық жылыту энергетикалық орталығында жарылыс болып, қазандықтың төсемі қирап қалған. Қазір екі қалада да жылу шаттық режимде беріліп жатыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров