Екібастұзда көпқабатты үйлерге біртіндеп жылу беріле бастады

Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары барлық аумақта жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екібастұздағы коммуналдық апатқа бүгін тура жеті күн. Мына біз тұрған Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 52- ші үй жеті күн бойы жылусыз отыр. Бірінен соң бірі жарылған құбырлар коммуналдық саланы ғана емес, қарапайым тұрғындарды да әбігерге салды.

Нұрбол Сәбденбеков, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Ыстық су мен суық суды біз өзіміз өткізіп алдық. Құбырларды ерітіп, үйде бар ыстық су мен суық су. Жылу әлі қатып жатыр. Кеше кештен бері әлі жұмыстар жасалып жатыр. Бүгін жылу беріледі деп ойлаймын.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:        

- Тұрғындар осы уақыт аралығында қатып қалған құбырларды өз күштерімен жөндеуге мәжбүр болған. Олар әкімдік тарапынан дер кезінде көмек келмеді деп налиды. Жекеменшік ұйымнан кеше ғана бригада келіпті. Олар түні бойы жұмыс істеген. Бірақ жарықтың сөніп қалуы тағы да қиындықтар туғызған.           

Иван Савченко, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Жылу желілеріне көп зақым келген. Кеше 40 метр құбырды ауыстырдық. Кеше түні бойы жұмыс істедік. Тесілген құбырларды толықтай дәнекерлеп шықтық.        

Коммуналдық апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланған Екібастұз қаласындағы жағдай күрделі. Қалпына келтіру жұмыстары барлық аумақта жүріп жатыр. Жылуға қанша үйдің қосылғаны немесе қосылмағаны туралы нақты ақпаратты алдағы жаңалықтарда айтатын боламыз.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат

 

Сондай-ақ...