Атыраулық 8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбайдың ерлігі елді сүйсінтті

Атыраулық 8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбайдың ерлігі елді сүйсінтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Жайық өзеніне батып бара жатқан 2 досын құтқарып қалды. Ойын баласы аңдамай жұқа мұз үстіне ойнауға шығып, от баса жаздаған. Бірақ абырой болғанда балалар дін аман. Бүгін облыстық Полиция департаменті Дінмұхаммедке алғыс хат табыстады.

Оқиға 3 желтоқсан күні Жұмыскер ықшам ауданында болған. 8 жасар Дінмұхаммед достарымен ойнап, мұз үстіне шыққан. Кенет жұқа мұз ойылып, 2008 және 2013 жылы туған екі бала суға түсіп кеткен. Достарын құтқаруға асыққан жас батыр, оларды судан шығарып алған. 8 жасар Дінмұхаммедтің ерлігі көпті таңқалдырды. Оның ендігі арманы – құтқарушы болу.

Дінмұхаммед Жаңбырбай, жас батыр:

- Су аяқ астанын ойылып етіп, екеуі аяқ астынан суға батып кете жаздаған кезде мен оны көріп, өзімнің өмірімді қатерге тігіп, миымда тек оларды құтқару ғана болды. Сондықтан мен құтқаруға тырыстым.

Бүгін облыстық Полиция департаментінің мамандары Дінмұхаммедтің мектебіне арнайы барып, алғыс хат табыстады. Осындай батыр ұл тәрбиелеген анасына да алғыс айтты.

Гүлнұр Құлова, Дінмұхаммедтің анасы:

- Дінмұхаммед үйдің ортаншы баласы. Жалпы ол қасындағы достарына, айналадағы адамдарға көмектескенді жақсы көреді. Баланың өмірін құтқарып тұр. Алла бір күш қуат берген балама. Өзі кішкентай бала екенін де көріп тұрсыздар.

Жайық өзеніндегі мұз әлі қата қойған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін айтады.