Екібастұзда жылу желілеріне қосылмаған 12 көпқабатты үй қалды

Олардың тораптарына жылу барып тұр. Тек ішкі инженерлік желілердегі ақаулар жылу беруді тежеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жөндеу бригадалары мыңнан астам батареяны ауыстырды. Тозып кеткен жылу құбырлары да жаңартылып жатыр. Оларды орнатумен 800-ге жуық жұмысшы айналысуда.  Ал  жедел штаб жөндеу жүргізілген үйлердің тізімін жариялады. Ешкімнен көмек күтпей, инженерлік желілерді өздерінің жеке қаражаттарына жасап жатқан тұрғындар да бар. Бұл күндері барлық күш жылу жүйесін реттеуге жұмсалған.

Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін арнайы комиссия шығын көлемін анықтайды және ол толық өтеледі. Облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук қазір Екібастұзға 5 мыңдай жылу радиаторлары әкелінгенін атап өтті. Ал, бүгін қаладағы коммуналдық апатқа 10 күн болды.

Жылу электр орталығындағы қазандықтың істен шығуына байланысты кеншілер шаһарында 600-ден аса көпқабатты үйдің 149- ы жылудан ажырап қалған болатын.

Сұңғат  Есімханов, ҚР Энергетика министрлігі атомдық энергетикалық қадағалау мен  бақылау комитетінің төрағасы:

- Қазір көтеріп жатырмыз оны барлық әріптестер көтеріп жатыр жалпы қадағалау осындай ұжымдардың, осындай мекемелердің қадағалауы күшейтілуі керек. Өйткені әрине бұл да бизнес бірақ стратегиялық жүйеде халыққа әсер ететін сол бизнеске де әсер ететін осындай мекемелер, сондықтан оны да қазір көтеріп жатырмыз. Қазір жылу туралы заңнамасы парламентке енгізіледі. Сол жерде қазір тиісті өзгертулер енгіземіз ба деген ұсыныстар да бар. Осыған шейін де болған бірақ жаңағы айтқандай бизнесті қолдаймыз деп оны азайтып алған сыңайдамыз. Тариф жағын да қарауымыз керек. Барлық жерде бәрі көтеріліп жатқанда   ол мәселені толық жан-жақтан зерттелуі керек.