Сурдлимпиада ойындары: Сот спортшының пайдасына шешім шығарды

Мәдениет және спорт министрлігінің дзюдошы Еркебұлан Қанафинге ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту әрекеті – заңсыз.

Сот спортшының есебіне осындай шешім шығарды. Еркебұлан биыл мамырда Бразилияда өткен ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында алтын алған еді. Алайда елге оралғанда қиындыққа тап болды.

Бразилиядағы сурдлимпиада ойындарында алтын алдым деген дзюдошы Еркебұлан Қанафин елге келгенде қуанышы су сепкендей басылады. Себебі Мәдениет және спорт министрлігі спортшының жеңісін мойындамайтынын жеткізді. Ал, Қанафин көп ойланбастан соттың көмегіне жүгінді.

Еркебұлан Қанафин, сурдо дзюдошы:

- Министрлік пен сурдлимпиада комитеті бірге шешім қабылдауы керек еді. Себебі мен комитет жүргізген тексеру мен жарыстан мүдірместен өттім. Олимпиада жүлдесін алу үшін де тер төктім, бірақ жеңісімнен кейін ең ауыр сынақ күтіп тұрғанын ойламаппын. Министрлік саңыраулар арасындағы ойындардағы жеңісімді мойындамады. Тіпті мүгедек емес деп айыптады. Мен де өз шындығымды дәлелдеуден бас тартпаймын.

Елдос Шекенов, Спортшылар одағы төрағасының орынбасары:

- Спорт комитеті министрлігі нәтижені қолдамады. Шет елде арыз жазып біздің спортшыға шектеңіз деп сұрау салған. Нәтижесін рәсімдемеген. Білмеймін қай себептен.

Дзюдошының арызынан кейін бірнеше айға созылған бұл іске қатысты сот жуырда шешім шығарды.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесінің Қанафин Еркебұлан Қайратұлына ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту жөніндегі әрекеті заңсыз деп танылсын. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі» мемлекеттік мекемесі Еркебұлан Қанафинге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен белгіленген мөлшерде ақшалай сыйақы төлесін.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та мәселенің мәнісін түсіндірді. Айтуынша, Ұлттық сурдлимпиада комитеті спортшыны уәкілетті органның келісімінсіз өз бетінше ойындарға қатыстырған. Дәурен Абаев сот шешіміне түсініктеме бере алмайтынын, алайда Мәдениет және спорт министрлігі апелляциялық сотқа шағымданатынын жеткізді.

- Еркебұлан Қанафинге төлем жасау ережелерге қайшы келеді. Ол дзюдодан ұлттық сурдлимпиада құрамасының мүшесі болған жоқ. Допингке қарсы ұлттық орталықта оқу-жаттығу жиындары, тереңдетілген медициналық тексеру немесе допинг бақылауы бойынша тексеруден өтпеді. Қанафиннің ойындардағы жеңісінен кейін министрліктің заң бойынша оған төлем жасауға құқығы жоқ. Себебі заңда төлем Ұлттық құрама командалардың мүшелеріне төленеді.

Ал, 81 кг дәрежесінде дзюдодан чемпион атанған Еркебұлан Қанафин мемлекеттен 250 мың доллар көлемінде сыйақы алуым керек дегенінен таңбай отыр. Дегенмен министрлік аталған сыйақыны төлеу заңымызға қайшы келеді деп кесті.

Марат Қасқырбаев, Ұлттық спорт түрлері және спортта мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасы басшысы:

- Сурдлимпиялық комитеттің тарапынан өрескел қате кетті деп ойлаймыз. Себебі Ұлттық құрама сапында жоқ адамды әлемдік додаға өздерінің шешімімен алып барған. Енді министрліктен сыйақы талап етулері заң тұрғысынан дұрыс емес. Себебі бізде нақты жазылған заң бар. Соның шеңберінде жұмыс істейміз,сыйақы тағайындаймыз. Ал Еркебұлан Қанафин белгіленген қаржыны алу үшін Ұлттық құрама сапында болуы міндетті. Заңнан аттап ешкімге сыйақы бере алмаймыз. 

Астана қалалық сотының хабарлауынша, шешім заңды күшіне енген жоқ. Министрлік екі ай ішінде сот шешіміне қарсы шағым жаза алады.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Самат Сүлейманов