Қарағанды облысының Абай қаласында тұрғындар жылу жүйесіне шағымданды

Қарағанды облысының Абай қаласында кейбір тұрғындар пәтерлерінің жылымай отырғанын айтып, арнамызға шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, аязды күндері үй іші 16-17 градустан жоғарыламай қояды. Соның салдарынан тұрғындар электр пештерін қосуға мәжбүр. Ал жауапты мамандар: "20 шақырымнан тасымалданатын жылу жел аралас аяз болған күндері төмендеп кетеді", – дейді. 

Абай қаласының тұрғыны Ерғожа Біләлов қазір жұбайымен 3 бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде күнелтіп отыр. Батареяларда ыстық бар болғанымен, үйге тарамайды. Соңғы кезде қала тұрғындарының көбі осы мәселеге шағымданып жүр.

Ерғожа Біләлов, Абай қаласының тұрғыны:

-Көршілерге қарағанда салқын деп айтады. Қырқыншы үй тұрғындары ылғи салқын деп шағымданып отырады. Ал бізде биыл салқын. Немере келгенде өзіміз де қосамыз, жылыған соң сөндіреміз, себебі өзіміз зейнеткер болған соң, зейнет аз, өзіңіз білесіз.

Абай қаласында 30 мыңға жуық адам тұрады. 252 көпқабатты үй мен 1100 жеке сектор орталық жылуға қосылған. Шағым қаланың шеткері аудандарынан түседі. Осыған байланысты жергілікті әкімдік жедел комиссия құрыпты.

Медеу Ахметов, Абай қаласының әкімі:

-Күн суығанда бір 20 шақты үйден шағым түсті. Оның бәрін қарап, түсініктеме жүргіздік. Себептері кейде пәтер ішінде болады, кейде жертөледе жылу таралу жүйесінің қателіктері болады, соны көрсетіп, келер жылы орнына келтіру бойынша түсініктеме жұмыстарын береміз.

Абай қаласына жылу 20 шақырым қашықтықта тұрған Топар кентінен келеді. Соның салдарынан аязды, желді күндері жылу таратушыдан 95 градуспен шыққан жылу 20 шақырымды еңсергенше жалаң құбырды суытып, 70-75 градусқа дейін төмендетеді. Одан соң үй-үйге жеткенше тағы шығын бар. Тағы бір мәселе көпқабатты үй тұрғындарының өзі де қыстың қамын жасамайды. 

Жақия Ыдырысов, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС директоры: 

- Осы қырық процент ғана алды бізден. Басқа үйлерді безсхозный деуге болады. Тіпті КСК,ОСИ да жоқ осы уақытқа дейін. Өздері айтады подвалдан ана-мынаны айырбастадық деп, ол енді жобамен жасалуы керек. Оны халық ойлай бермейді. Труба жаңарттық бітті деп, кейбірі осындай притензия қояды.

Жалпы,  Абай мен Топар ортасындағы құбыр 1986-шы жылы пайдалануға берілген. Қазір құбырлардың ескіруі 80%-ке, сорғы станцияларының тозығы 90 процентке жетіп тұр. Аталған жүйені толық жаңарту үшін кемі 20 млрд теңге қаражат керек. Биыл ең болмаса  қажетті қаржыдан 10 есе аз – 2 млрд теңге қаржы сұралған. Алайда ұлттық экономика министрі мұндай соманы бөлуден үзілді-кесілді бас тартқан. Соның салдарынан жергілікті бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, сорғы ішіндегі подшипниктер ғана айырбасталыпты. Мамандар стратегиялық нысанды жаңартуға көңіл бөлінбесе, жағдайы жыл санап нашарлап бара жатқанын айтып дабыл қағып отыр. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар