Екібастұзда үйлер енді жыли бастады

Тұрғындар баспанаға береке кірді деп қуанып жатыр. Бірақ коммуналдық апаттың әлегі әлі  бітер емес. Көмекке келген жөндеу бригадалары біраз қиындыққа тап болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәшһүр-Жүсіп, Сәтбаев атындағы көшелеріндегі жылудан ажырап қалған үйлерге күніне бірнеше рет барамыз. Өйткені ең күрделі жұмыстар осы үйлерде жүріп жатыр. Коммуналдық апаттың салдарын жоюға әлі бірнеше күн керек. "Біз асыққанмен, әбден тозған, одан қалса, мұз болып қатып қалған ішкі инженерлік желілерді ауыстыруға біршама уақыт керек", – дейді бригада басшылары.               

Ғалым Әділханов, учаске басшысы:    

- Аяздан осы үйдің суық су және құбырлары айырылып кеткен. Соны айырбастап жатырмыз. Міне, қазір ыстық суды айырбастап болдық. Енді суық суды айырбастаймыз.

Мұндай жағдай бұрын-соңды Екібастұздың тарихында болмапты. Бүгін таңертең сынап бағанасы 28 градустан төмендеп кетті. Суық күнде де жұмыс тоқтамады. Жөндеу бригадалары қиындыққа төтеп беруде. Сантехник, электрик, дәнекерлеушілер, құтқарушылар мен жүргізушілер бір сөзбен айтқанда, қарапайым жұмысшылар бар күшін салып, аянбай еңбек етіп жатыр. 

Никита Буденый, электрик:

- Жарық пен жылу әр үйге керек. Жағдай қиын. Тырысып жатырмыз. Ары қарай жұмысты жалғастыра береміз.

Коммуналдық апатқа жұмылдырылған ірі кәсіпорындар қысқа мерзімде жұмысшылар жасағын құрып үлгерген. "Ойлануға уақыт та болған жоқ", – дейді өздері. Ең бастысы, он күн бойы мұз құрсанған Екібастұзды жылыту  керек.                    

Сергей Перепечин, штаб жетекшісі:    

- Уақыт тығыз болды. Әр кәсіпорыннан мамандарды жинап, оларды арнайы киім үлгілерімен қамтамасыз етіп, орналастырып, ас-суын әзірлеп беру керек болды. Біз өте күрделі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін біз жылумен қамтудың ең соңғы кезеңіне жеткенімізді сеніммен айта аламыз.  

Жөндеу бригадалары үш мыңдай батареяларды ауыстырды. Әлі де ауыстырып жатыр. Қиын қыстау кезеңде Екібастұзға еліміздің көптеген аймағы гуманитарлық көмек жөнелтті.

Татьяна Медникова, қала тұрғыны:    

- Біз батареяларды сақтап қалдық. Шаш кептіретін фенмен де жылыттық. Волонтерлер жылытқыш құрал әкеліп берді.

Екібастұзда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Үйлерге жылу беріліп тұрғындар өз шаңырақтарына қайта орала бастады. Соған қарамастан үй аулаларында әлі қарбалас. Апат салдарын жою жұмыстары толассыз жүріп жатыр.        

Төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың шығыны толық өтеледі. Ендігі жұмыс жылуға қосылған үйлердің сумен қамту тораптарын тезірек іске қосуға бағытталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат